АСТАНА, 25 тамыз — Sputnik. Алматы облысында екі орындық ұшақ құлады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Апатқа ұшыраған ұшақта екі адам болған – ұшқыш пен жолаушы. Біреуі аман қалып, екіншісі қаза тапты.
Ұшақ Балқаш ауданының аумағында Жиделіден 20 шақырым жерде құлаған.
Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Азамат Жұртбаев хабарлағандай, ұшақ Бақанас ауылынан 203 км жерде апатқа ұшыраған. Өрт шықпаған, оқиға орнында қазір төтенше жағдайлар қызметі мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация комитетінің ақпаратына сүйенсек, АҚШ-та шығарылған МAULE М-7-260С ұшағы "Олжа Бастау" ЖШС-ға тиесілі екен.
Аталған оқиға бойынша ҚР ИДМ көлік оқиғаларын тергеу бойынша департаменті тергеу жүргізеді.