АСТАНА, 10 тамыз — Sputnik. Алматыда бейсенбі күні ұшақ құлап, салдарынан екі адам ажал құшты, деп хабарлады Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті.
"Бастапқы мәліметтерге сүйенсек, бүгін 09.53-те оқу-жаттығу тапсырмасын орындау барысында "Технам 2002" ұшағы Азем аэродромынан 2 шақырымдай жерге құлады", — делінген хабарламада.
Екі адам қаза тапты – инструктор-ұшқыш пен курсант.
Ұшақ Азаматтық авиация академиясына тиесілі. Азем аэродромы Алматыдан 43 километр жерде орналасқан.
"Қазіргі уақытта ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің көліктегі оқиғаларды тергеу департаменті тергеу жұмыстарын бастап кетті", — деп қорытындылады ведомство.