АСТАНА, 21 тамыз – Sputnik. Шілде айының соңында өз-өзіне қол салған Өмірбек Жампозовтың өліміне байланысты прокурор соттан оны жазадан босатуды сұрайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.
"Қазақстан су шаруашылығының" бұрынғы бас директоры Өмірбек Жампозовқа басқа тұлғалармен қатар Преображенский су торабын жөндеуге бөлінген мемлекеттік қаражатты ысырап қылды деген айып тағылған. Сотта ол айыбын мойындаған жоқ. 20 шілде күні үкім шығарылардан бір жарым сағат бұрын Жампозов Целиноград прокуратурасы алдында прокурор мен полицейді атты. Кейін өз-өзін атып өлтірген.
Кейінірек белгілі болғандай, жараланған прокурор сотталушыны бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған екен.
Бұдан бұрын Жампозовтың ұлы Асылжан әкесін сотта ақтап алуды көздейтінін мәлімдеген еді.