АСТАНА, 18 тамыз — Sputnik. Алматы облысындағы Алматы-Бішкек тас жолында екі автокөліктің соқтығысуы салдарынан бір адам мерт болып, екеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Казахстан тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы 17 тамыз түнде Алматы-Бішкек республикалық автожолының 70-шақырымында болған. Toyota Carina автокөлігі Audi-100 автокөлігімен соқтығысты.
Апат салдарынан Audi ішінде болған үш әйел зардап шегіп, оның біреуі оқиға орнында көз жұмды, екеуі түрлі жарақаттармен Ұзынағаш ауылы ауруханасына жеткізілді.
Алдын-ала болжам бойынша 33 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол қозғалысының қарсы бетіне шығып кетіп, жол бойында тоқтап тұрған Audi автокөлігіне соқтығысқан.
Оқиғаға байланысты ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды облыстық полицияның баспасөз қызметі.
Жол-көлік оқиғасында зардап шеккендердің барлығы Жамбыл облысының тұрғындары екені анықталды.