АСТАНА, 16 тамыз — Sputnik. Адамның ДНҚ белгілері бар ресейлік шұжықтар туралы ақпаратқа қатысты Ақтөбе облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті пікір білдірді.
Бұдан бұрын әлеуметтік желілерде тараған суретте Ақтөбе облысының құжаты түсірілген, соған сәйкес ресейлік фирманың шұжықтарында "адамның ДНҚ белгілері" табылыпты-мыс. Соған байланысты жергілікті кәсіпкерлерге бұл шұжық түрін айналымға шығармау талап етілген.
Sputnik Қазақстан агенттігіне Ақтөбе облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова хабарлағандай, департамент жергілікті нарыққа бақылау жүргізуде.
"РФ-нан әкелінген "Мортадель" өндірісінің екі түрлі шұжық өнімінің сатылу дерегін анықтау бойынша тауар жеткізушілермен жұмыс жүргізілуде. Анықталған жағдайда айналымнан шығарылып, Кедендік Одақтың техникалық регламенті талаптарына сай келуін анықтау мақсатында зертханалық сараптамаға жөнелтіледі", — деп мәлімдеді Дәулетова Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Оның мәліметінше, ондай шұжықтардың сауда желісіне түскені жайында ақпарат шыққан жоқ.
Бұдан бұрын ресейлік "Мортадель" компаниясының вице-президенті Эльвира Агурбаш айтқандай, бұл айыптау фирманың абыройын түсіру мақсатында әдейі жабылған жала. Ол сараптаманың жалған болып шыққанын мәлімдеп, ол туралы хабар таратқандар кешірім сұрағанын атап өткен.