АСТАНА, 15 тамыз – Sputnik. Қазақстанның іскерлік қауымдастығы, яғни туроператорлар, мейрамхана, хостелдер мен қонақ үй иелері, көлік компанияларының басшылары "Астана ЭКСПО-2017" ҰҚ" АҚ басшысы Ахметжан Есімовтің атына көрме жұмысын 1 қарашаға дейін ұзарту туралы өтініш айтып, петиция жазды.
"Қысқа уақыт аралығында, аз ғана тәуекелмен өте көп жұмыс орындарын ашып, үлкен олжаға кенелдік", — деп негіздейді іскерлік қауымдастық өкілдері айтқан өтінішін.
Олардың сөзіне сүйенсек, ЭКСПО кезінде студенттер мен қызмет көрсету саласының жұмысшылары шараларды ұйымдастыру бойынша тәжірибе алып, шет тілінде білімдерін кеңейтті. Оның үстіне, жастарды маусымдық еңбекпен қамту деңгейі өсті.
"Отандық туроператорлар туристік бағдарларын іс жүзінде сынақтан өткізіп, шынайы туристердің бағасын алды, өнімдерін одан әрі жетілдіруде. Мейрамханалар мен оларға тауар жеткізушілер айналымдарын бірнеше есе ұлғайтып, қонақ үйлерге келушілер саны көбейді. Енді көкейімізде бір ғана сұрақ туындайды, ЭКСПО-2017 сияқты тамаша мүмкіндік аз ғана уақыт – үш айға берілген бе?", — деп атап өтілген петиция мәтінінде.
Петиция авторлары Ахметжан Есімовтен көрме мерзімін 2017 жылғы 1 қарашаға дейін ұзарту туралы бизнес қауымдастығы өтінішін Қазақстан президенті мен Халықаралық көрмелер бюросы басшылығына жеткізуді сұрайды.
"Бұл шара қызмет көрсету саласы мен туризм бойынша компанияларға аяққа тік тұрып кетуге мүмкіндік береді", — делінген ашық үндеуде.
Мәтін соңына 25 ұйымның өкілдері қол қойған.
"Петицияның шыққандығы туралы жаңа ғана БАҚ өкілдерінен білдік, сондықтан қандай да бір пікір білдіре алмаймыз. ЭКСПО басшылығына тікелей өтініш түскен емес", — деп хабарлады ЭКСПО көрмесінің PR қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне.