АСТАНА, 14 тамыз – Sputnik. Полиция аудандық судьяның үйін тонаған Алматы облысының 30 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлады өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Бұл дерек Қаратал ауданында тіркелген, 3 шілдеде жергілікті полицияға аудандық судья арыз жазып, Сарыбұлақ ауылындағы үйінен ақшалай қаражат пен зергерлік бұйымдардың тоналғанын айтқан. Келтірілген зиянның жалпы сомасы 19 миллион 343 мың теңге.
Тонаушы пластикалық терезені ашып, үйге кірген де, сейфті бұзып, ақша мен асыл бұйымдарды ұрлап кеткен.
Қылмыстық полицияның жедел қызметкерлері облыстық аппаратпен бірге осы іске қатысы бар деген күдікпен Көксу ауданының 30 жастағы тұрғынын анықтады.
Жақында күдікті Текелі қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен табылып, кінәсін мойындады. Ол қамауға алынған. Қылмыстық істі тергеу жалғасуда.