АСТАНА, 10 тамыз — Sputnik. Алматыда әскери қызметші көліктер зуылдап өтіп жатқан көше ортасында қалып қойған сәбиді құтқарып алды, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшісі, ефрейтор Данияр Ешайдаров жоғалып кеткен екі жасар баланы көлік астынан құтқарып қалды. Сол күні Данияр Эшайдаров 12881 әскери бөлімінің бақылау-өткізу пунктінде қызмет атқарған болатын. Сол кезде жолдың қақ ортасында қатты жылдамдықпен жүйткіп келе жатқан көліктердің арасында келе жатқан баланы көріп қалады. Әскери қызметші еш ойланбастан көмекке жүгіреді. Ол баланы шап беріп ұстап, қауіпсіз жерге шығарады.
"Мені үрей билеп алды. Бірақ, мен өзім үшін емес, бала үшін қатты қорықтым. Сол сәтте балақай қалшиып тұрып қалмағанда, яғни, артқа немесе алға бір қадам жасаса, оны машина қағып, мен оған ешқандай көмек бере алмаушы едім", — дейді ефрейтор Эшайдаров.
Бөлім командирі подполковник Руслан Өтепов бұл оқиға туралы баланың анасы әскери бөлімге алғыс білдіруге келгеннен кейін ғана білді. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев Данияр Ешайдаровты алғыс хатпен марапаттап, оның ерлігі мен табандылығын атап өтті. Сондай-ақ бүкіл жеке құрамға үлгі ретінде көрсетті.