АСТАНА, 7 тамыз — Sputnik. Ақмола облысында кәмелеттік жасқа толмаған екі қыз суға батып кетті – қыздардың бірінің денесі табылды, ал екіншісі әлі іздестірілуде, деп хабарлады ішкі істер департаменті баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Қайғылы оқиға 6 тамызда Қорғалжын ауданында болған.
"Қорғалжын АІІБ-не келіп түскен хабарлама бойынша, сағат 15.30-да Қараегін ауылынан он шақырым жердегі Нұра өзеніне шомылып жүрген 17 жасар екі қыз суға кеткен. 10 сынып оқушысының денесі табылды, ал кәмелеттік жасқа толмаған екінші қыздың мәйітін әлі іздеп жатыр", — деп мәлімет берді ІІД.
Төтенше жағдайдың мән-жайы анықталуда. Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр.