АСТАНА, 6 тамыз — Sputnik. Тегеранда Иранның қайта сайланған президенті Хасан Руханидің салатанатты инаугурация рәсімі өтті. Оған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Рәсімнің алдында қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы мен Иранның қайта сайланған президенті кездесті.
"Бүгін Иран үшін ғана емес, бүкіл дос елдер үшін айтулы күн. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан өзіңізді құттықтау мен үшін аса үлкен құрмет. Соңғы жылдар Қазақстанның мемлекет басшысымен бірге екі жақты қарым-қатынасты стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтердіңіз", — деді Қ. Әбдірахманов.
Министр Иран президентіне 10-12 қыркүйекте Астанада өтетін ғылым және технологиялар бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымының алғашқы саммитіне дайындық жүріп жатқаны туралы айтып берді. Және Қазақстан президенттінің осы бір ислам әлемі үшін маңызды шараға шақыруын жеткізді.
Х. Рухани ИЫҰ Саммиттінің өткізілуін құптап, Иранның бұл өзекті шараға қатысуға ниетті екенін айтты.