АСТАНА, 9 маусым — Sputnik. Қазақстан Президенті Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ибрагим Рахимпурмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы кездесуде Сыртқы істер министрінің орынбасарына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне және "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің ашылуына қатысуға келгені үшін алғыс айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Иранда өткен сайлауда қазіргі Президент Х.Руханидің жеңіске жеткені туралы хабарды ризашылықпен қабылдағанын атап өтті.
"Мені ислам әлемінде орын алып отырған қарама-қайшылықтар қатты алаңдатады. Өзара түсіністік пен сенім тезірек орнайды деп үміттенемін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
"Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар жоғары деңгейде. Сіздің және Иран Президентінің өзара сапарларыңыздың арқасында олар қарқынды дамуда", – деді Рахимпур.
Сондай-ақ, Рахимпур Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құттықтады.