Қоғам

Анасы 14 жыл бойы нәрестесін өлді деп санап келген оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты

© Sputnik / Владимир Астапкович / Медиабанкке өтуБаласын қолына алған әйел
Баласын қолына алған әйел - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Ата-анасы бола тұра, көп жыл балалар үйінде тәрбиеленген қызға қатысты дәрігерлер өз шындығын айтты

АСТАНА, 4 тамыз — Sputnik. Анасына нәрестесі туғаннан кейін шетінеп кетті деп айтқандықтан,  осы күнге дейін балалар үйінде өсіп-тәрбиеленген қыз туралы прокуратураның ақпаратына қатысты дәрігерлерлер өз шындығын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

кішкентай қыз бала - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Анасы 14 жыл бойы өлді деп санаған қызы тірі болып шықты

Тамыз айының басында Ақмола облысының прокуратурасы хабарлағандай, қыз бала перзентхана қызметкерлерінің жауапсыз әрекетінің кесірінен 14 жыл бойы ананың аялы алақаны мен әкенің мейірімі мен қамқорлығын көрмей өскен. Ата-анасы бола тұра, оның бүгінге дейін балалар үйінде тәрбиеленгені белгілі болды. Сәбидің салмағы туғанда 950 грамм ғана болған. Нәрестенің жағдайы аса ауыр деп бағаланып, оны жансақтау бөліміне ауыстырған, ал анасына перзенті шетіне кетті деп хабарлаған. 

Ақмола облысының коммуникациялар қызметінің ақпаратына сенсек, шын мәнінде оқиға басқаша болған. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы 14 жыл бұрын дәрігерлер нәрестесінің шетінеп кеткенін хабарлады деп айтқан әйелдің сөзін жоққа шығарып отыр. 

Басқарма ұсынған құжатқа сәйкес, 14 жыл бұрын 20 жастағы қыздың нәресте дүниеге әкелгені рас. Белгілі болғандай, 2003 жылғы 9 қазанда жедел жәрдем толғағы келген әйелді Көкшетаудағы перинаталдық орталыққа жеткізген. Ол өз бетінше түсік тастап, жүктіліктің 26-27 аптасында бала туады. Нәрестенің салмағы 930 грамм ғана болған. Сол уақытта босандыру залында акушер-гинеколог, акушер, дәрігер-неонатолог кезекшілік атқарыпты. Қазіргі уақытта барлық дәрігерлер перинаталдық орталықта бұрынғыша жұмыс істеп жатыр. 

Ақ халаттылар жаңа туған сәбиді жансақтау бөліміне ауыстырған, кейін қыз бала патология бөлімшесінде күтім көрген. 

"Нәресте ауруханада болған уақытта ешкім оның хәлін сұраған жоқ. Әйелдің өзі 11 қазанда перзентханадан шығарылды. 29 күннен кейін нәресте туралы ешкім сұрамағандықтан, тастанды қыз балаға акт толтырылып, оның дүниеге келгеніне 125 күн болғанда ол Щучьедегі сәбилер үйіне жіберілді", — дейді өңірлік коммуникациялар қызметіндегілер. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Қысықованың сөзінше, анасына нәрестесінің өлімі туралы хабарланғанын дәлелдейтін құжаттар жоқ. 

"Әйел босандыру залында медициналық қызметкерлердің көзінше босанды.  Туғаннан кейін баланың даусы шықты, босану құжаттарында сәбидің өлімі туралы жазылмаған", — дейді Қысықова. 

Оның айтуынша, баланы жансақтау бөлімшесіне ауыстырғаннан кейін дәрігерлер нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. 

"Сонымен бірге медициналық құжаттарды зерделеген кезде әйелдің жүктілік бойынша есепке тұрмағаны, тексерілмегені, дәрігерлерге қаралмағаны, студент болғаны, жедел жәрдемді кеш шақырғаны белгілі болды. Осы айтылғандардың барлығы белгілі бір деңгейде әйелдің жүктілікті қаламағанын көрсетсе керек", — дейді ол

Ал облыстық білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, "тастанды" қыз балалар үйінде болған кезде оның анасын іздеп табу үшін тиісті жұмыстар жүргізілген. Анасы тегін ауыстырғандықтан, оны табу қиынға соққан. Әйел биылғы жылдың ақпан айында табылған. 

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерия Гамазованың айтуынша, қыз бала қамқорлық органының 29 маусымдағы қорытындысына сәйкес  анасына берілген. Қазір ол толық отбасында тәрбиеленіп жатыр. 

Айта кетсек, облыстық прокуратура хабарлағандай, қазіргі уақытта перинаталдық орталықтың қызметкерлеріне қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. 

 

 

Жаңалықтар
0