АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Анасы туғаннан кейін шетінеп кетті деп ойлаған қыздың осы күнге дейін балалар үйінде өсіп-тәрбиеленгені белгілі болып отыр.
Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлағандай, қыз бала өз міндетін адал орындамаған құзыретті органдардың кесірінен 14 жыл бойы ананың аялы алақаны мен әкенің мейірімі мен қамқорлығын көрмей өскен. Ата-анасы бола тұра, оның бүгінге дейін балалар үйінде тәрбиеленгені белгілі болды.
Сәбидің салмағы туғанда 950 грамм ғана болған. Нәрестенің жағдайы аса ауыр деп бағаланып, оны жансақтау бөліміне ауыстырған, ал анасына перзенті шетіне кетті деп хабарлаған.
Перзентхана қызметкерлері баланы тастап кетті деген құжат дайындап, қызды сәбилер үйіне, кейін Ақкөл балалар үйіне беріп жіберген.
Қазіргі уақытта ата-анасы қызын үйіне алып кеткен. Ал перинаталдық орталықтың қызметкерлеріне қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.