АСТАНА, 2 тамыз — Sputnik. Алматы облысының полицейлері өткен жылдың желтоқсанында із-түзсіз жоғалып кеткен 44 жастағы Іле ауданы тұрғынының денесін тауып, оны өлтірген қаскөйлерді ұстады.
2016 жылы 4 желтоқсанда Жетіген ауылының тұрғыны үйден шығып кетіп, содан оралмаған. Оның із-түзсіз жоғалып кетуінің мән-жайын және туғандарының берген түсініктерін зерделей келе, полицейлер көп ұзамай адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғайды.
Іле аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған жедел-іздестіру жұмыстарына облыстық криминалдық полиция қызметкерлері де атсалысады. Нәтижесінде полицейлер ер адамды өлтірді деген күдікпен екі қаскөйді қолға түсіреді, қылмысқа куә болғандар анықталды, сонымен бірге қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан адамның денесі көмілген жер табылды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, күдіктілер Алматы қаласының 30-34 жас аралығындағы екі тұрғыны.
Жетіген ауылының маңында көмілген ер адамның денесі сараптамаға жіберілген.
Қылмыстық істі тергеу жұмыстарын Іле ауданы ішкі істер басқармасының полицейлері жүргізеді.