АСТАНА, 30 шілде – Sputnik. Алматы полициясы Аль-Фараби даңғылында түнде жаяу жүргіншіні қағып өлтірген Mercedes көлігінің жүргізушісін анықтады.
Жол апатының куәгерлері болған жүргізушілердің сөзіне қарағанда, кісі өлімімен аяқталған жол апаты Аль-Фараби даңғылы бойында Сейфуллин көшесінің қиылысына жетпей орын алды. Mercedes-Benz S-класс, BMW X5 және BMW X6 маркалы үш автокөлік Аль-Фарабиде "бәйгеге түскен". Сол бағытта қозғалып келе жатқан жүргізушілер жол апаты орнына келіп жеткен кезде, Аль-Фараби даңғылы бойынша адам денесінің бөлшектері шашылып жатқанын көрген. Кейіннен анықталғандай, дене бөлшектерінің бір бөлігі жаяу жүргіншіні қағып кеткен Mercedes көлігінің автосалонына кіріп кеткен.
Жүргізуші жол апаты орнынан қашып кетіп, көлігін қала көшелерінің бірінде тастап кеткен. Алайда Алматы ІІД-де хабарлағандай, 30 шілдеде ол анықталып, ұсталды.
"Түнгі 2:20 —да Мерседес көлігі Аль-Фараби даңғылымен шығысқа қарай келе жатып, Сейфуллин көшесіне жетпей жаяу жүргіншіні қағып кетеді. Соның салдарынан 1969 жылы туған ер адам оқиға орнында көз жұмды. Жол апатынан соң жігіт оқиға орнынан қашып кеткен. Біраз уақыттан соң жүргізуші табылып, ұсталды", —деп хабарлады полицияда.
Аталған дерек ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлімімен, 347-бабымен сотқа дейінгі бірыңғай тергеу ісі реестріне тіркелді.
Алматы қаласы ІІД басқарма басшысы Рустам Әбдірахмановтың сөзіне қарағанда, сотқа дейінгі тергеу аясында бірқатар сараптама мен зерттеулер жүргізіледі.