АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес боксшының соңғы жекпе-жекте америкалық қарсыласы Дэниел Джейкобсты неге нокаутқа түсірмегенін айтты, деп жазады Vesti.kz.
Абель Санчес Yahoo Sports басылымына берген сұхбатында Головкиннің соңғы жекпе-жекте америкалық Дэниэл Джейкобсқа қарсы бар күшін салып жұдырықтаспағанын айтып өтті. Санчестің айтуынша, бұған өз себептері де болған.
"Қалай ойлайсыздар, Головкин рингке көтеріліп, Джейкобсты соққының астына алса, қазір "Канеломен" жекпе-жек болар ма еді? Мен бұлай ойламаймын, сондықтан Оскар Де Ла Хойя (Альварестің промоутері — Авт.) 2018 жылы жұдырықтассын деумен болды. Геннадий Дэнниді нокаутқа түсірсе, бұл жекпе-жегіміз болмай қалар еді. Бұл күлкілі, бірақ Джейкобспен кездесу өткізгеннен кейін Альварестің командасы кенет бізбен жекпе-жек ұйымдастыру туралы айта бастады. Бұл кездейсоқтық дей алмаймын. Бұл орта салмақтағы чемпион мен қолдары жылдам баланың кездесуі. Головкин қашықтықты азайтса және таймингті түсінсе, ол "Канелоны" таптап тастайды деп ойлаймын", — деді Головкиннің бапкері.
Еске сала кетсек, Головкин мен Альварес арасындағы кездесу 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтеді. Қазірдің өзінде бұл бокс кешінің билеттері сатылып кеткен.