АСТАНА, 27 шілде – Sputnik. 2017 жылғы 26 шілдеде Қызылорда қаласындағы Қаратоғай көшесінде кәріз сорғы станциясында газдардың бөлінуі орын алып, адамдар зардап шекті, деп хабарлайды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті.
Құтқарушылар төтенше жағдай орнына жетіп, кәріз сорғы станциясының түбінде 5 адамның газдан уланып қалғанын анықтады. Құтқарушылар қорғайтын костюм және тыныс аппараттарын киіп, төменгі қабатына түсіп барлық 5 жұмысшыны шығарды, оның екеуі қаза тапқан.
Барлық зардап шегушілерге жедел жәрдем қызметкерлері оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізді.
Алдын ала ақпарат бойынша, кәріз сорғы станциясында жеке қорғау құралдарсыз 7 адам жөндеу жұмыстарын жасаған. Жұмыс барысында газ бөліну жағдайы орын алған, сол себепті жұмысшының бірі есінен танып кәріз станциясының түбіне құлаған. Қасында болған жұмысшылар оны құтқарамыз деп, өздері улы газбен уланып, естерін жоғалтқан.