АСТАНА, 25 шілде — Sputnik. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Бобыржан Момынов Геннадий Головкинмен емес, Сауль "Канело" Альварестің командасында жаттығып жатқанын айтты, деп хабарлайды Vesti.kz
"Мен АҚШ-қа келгенде кәсіпқой бокста тек бір ғана жекпе-жек өткізген едім. Сол үшін бірден промоутермен келісімшарт жасауым керек еді. Менің менеджерім (Фархад Шарипов — ред) Головкинге хат жазып жіберді. Головкин ол жақта (әлеуметтік желіде — ред) отырады ма, жоқ па білмеймін. "Бобыржан деген жігіт бар еді. Сіздер әуесқой бокста бір бапкердің қолында жаттығу жасадыңыздар. Оған көмектесіп жіберсек қалай болады? Сіз тек жолдарын айтып жіберсеңіз, қалғанын мен істеймін", — делінген хатта. Менің ойымша, ол хатты ешкім оқымады да. Жауап та болмады. Ал қазір ол не үшін Головкинге емес, Альвареске көмектесіп жүр деп әңгіме айтып жатыр. Егер ол мұны қаламаса, мен қалай онымен байланысқа шығамын?", — дейді боксшы.
Оның айтуынша, менеджері Top Rank және Golden Boy промоутерлік компанияларына да хат жолдаған.
"Біршама уақыттан кейін Golden Boy компаниясынан жауап келді. Олар менімен жұмыс істегілері келетінін айтты. Бірақ менің салмағым аз екенін айттым. Өйткені, мен 148 фунтта, яғни 66 келіде жұдырықтасамын. Алайда ол кедергі бола қойған жоқ. Олар мені шақырып, шамалы салмақ жинап алуымды айтты. Компания басшылары егер мен олардың көңілдерінен шығатын болсам, маған келісімшарт ұсынатынын айтты. Мен мұнда келгенде жақсы қарсы алып, барлық жағдайды жасады. Мен тек Альвареспен жақсы спарринг өткізіп, келісімшартқа қол жеткізуім керек. Менің қазір Головкинге барып, Альварес туралы айтып беру ойымда жоқ. Ол тәжірибелі боксшы. Командасы да тәжірибелі. Головкинге еш жамандық тілемеймін. Ол менің бауырым. Менің жерлесім. Қазақстанның мақтанышы", — дейді Момынов.
Боксшы Голвкиннің күллі әлемге қазақ деген халықтың, Қазақстан деген ел бар екенін көрсеткенін атап өтті.
"Головкин арқылы Қазақстанды жақсы біледі. Мен оған еш қарсы емеспін. Менің өз карьерам бар. Өз арманым бар. Еліміздің туын биікке көтеру үшін чемпион болғым келеді", — дейді ол.
Момынов өзін сатқын деп жүрген кейбір адамдардың сөзіне қатысты пікір білдірді.
"Боксты түсінбейтін адамдар көп. Міне, солар әртүрлі дүниелерді жаза береді. Тіпті сатқын деп жатыр. Кейде мен шынымен бауырымды сатып кеттім бе деп ойлап қоямын. Бірақ кейіннен ойланып… "Сатқын емеспін" деген ойға келемін. Не үшін маған ешкім көмектеспейді. АҚШ-қа келгенде маған шынымен көмек керек болды. Дегенмен маған көп адам сенбеді. Қолымнан ештеме келмейтінін айтты. Қиын кезеңдерден өттім. Жұмысым да болмады. Содан соң мынадай мүмкіндік туды", — дейді боксшы.
Еске сала кетсек, 25 жастағы қазақстандық боксшы Бобыржан Момынов қазіргі уақытта Сауль "Канело" Альварестің командасында мексикалық боксшыға Геннадий Головкинге қарсы өтетін кездесуге дайындалуға көмектесіп жатыр.
Головкин мен Альварес арасындағы кездесу 16 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтеді. Қазірдің өзінде бұл бокс кешінің билеттері сатылып кеткен. АҚШ жерінде жекпе-жекті НВО арнасы ақылы жүйе бойынша көрсетеді.