АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Билли Джо Сондерстің (24-0, 12 КО) промоутері Фрэнк Уоррен алдағы ықтимал жекпе-жек туралы айтты, деп жазады vesti.kz.
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (49-1-1, 34 КО) 16 қыркүйекте Лас-Вегасте қолғап түйістіреді. Дәл сол күні Лондонда Билли Джо кіші Вилли Монромен (21-2, 6 КО) шаршы алаңда кездеседі.
Еске сала кетейік, Головкинге орта салмақтағы титулдарды біріктіру үшін Сондерстегі WBO белбеуі ғана жетіспей тұр.
"Егер Билл Монроны жеңсе, онда Головкин — "Канело" жекпе-жегінің жеңімпазымен кездесуге бар күшімізді саламыз. Егер Головкин жеңсе жекпе-жекті желтоқсанда, ал "Канело" жеңімпаз болса онда келесі жылы өткізетін боламыз. Билл өзінің күші мен деңгейін көрсетуі керек", — деді Уоррен.