АСТАНА, 24 шілде — Sputnik. Алматы облысында екі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен қарт жүргізуші ұсталды, деп хабарлады өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
23 шілдеге қараған түні Талдықорған-Текелі тас жолында автокөлік жол шетінде кетіп бара жатқан ер мен әйелді қағып кетті. Ер адам оқиға орнында көз жұмса, әйел әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
"Жол апаты орнында бұрылыс көрсеткіші мен бояу қалдықтары табылған, соның арқасында қашып кеткен көліктің маркасы мен түсі анықталды. Ақыры соңында Mitsubishi Lancer көлігінің 77 жастағы жүргізушісі анықталды, ол Көксу ауданы Бесқайнар ауылында тұрады екен. Автокөлікті тексеру барысында жол апаты салдарынан келген зақымдары анықталды", — деді полиция.
Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ешқайда кетпейтінін айтып қолхат берді.