АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Қазақ тілі туралы әзілдеймін деп басы дауға қалған Азамат Мұсағалиев қазақстандықтарға үндеу тастады.
"Құрметті достар! Бауырлар! Қазақ ағайындар! Бұл әзілді түсіргенде, қазақ тілін кемсіту немесе мазақ ету ойда да болмаған. Әзіл, кейбір қазақ тілін түсінбейтін қазақ адамдары жайында, ал ондайлар өкінішке орай бар. Яғни, сол персонаждың рөлін сомдадым. Сіздер мені түсінеді деген ниетпен жазып отырған жайым. Шын мәнісінде маған бәрі бір болса, мән бермей, барлығын өшіріп тастап жүре беретін едім. Сондықтан, түсінікпен қарауларыңызды сұраймын! Ізгі ниетпен, Ресейде жүрсе де, жүрегі қазақ деп соғатын Азамат Мұсағалиев!", — деп жазған Мұсағалиев қазақ тілінде инстаграмдағы парақшасында.
Еске сала кетсек, актер, әзілкеш "Камызяки" КВН командасының капитаны Азамат Мұсағалиев ресейлік ТНТ арнасының эфирінде көрсетілген промороликке түскен. 14 секундтық видеода StandUp шоуының резиденті Нұрлан Сабуров Мұсағалиевтен қазақ тілінде "Өзің қалай? Денсаулық қалай?" деп сұрайды. Ал Азамат "Курлы-мурлы, курлы-мурлы" деп жауап береді. Оның айтқанын түсінбеген Нұрлан "бұл не мағына береді?" деп сұрайды. Ал Мұсағалиев: "Қалайша? Сенің сөзіңнің мәні бар ма? Мен жай әзілдеп жатқан шығармыз десем", — дейді.
Қазақ жігіттерінің бұл әзілі жұрттың ашуын туғызды. Пікір қалдырғандардың көпшілігі өз ана тілі туралы орынсыз қалжыңдаған әзілкештерді өткір сынның астына алды. Бірақ Азаматтың достары мен әріптестері оған араша түсті. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да осыған қатысты өз пікірін білдірген болатын.