АСТАНА, 19 шілде — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері қарақшылық қылмысты ашумен екі ай бойы айналысып, 80 жастағы зейнеткердің үйін тонағандарды ұстады, деп хабарлайды өңірдің ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Істің деректері бойынша, 23 мамыр күні Айыртау ауданы Горный ауылында белгісіз біреулер 1936 жылы туған зейнеткердің үйіне басып кіріп, оған қоқан-лоққы жасап, жиған-терген бар ақшасын тонап кеткен.
ІІД хабарлағандай, бұл қылмысты ашуды СҚО ІІД басшысы, полиция генерал- майоры Берік Біләлов өз бақылауына алған.
СҚО ІІД қылмыстық полиция қызметкерлері мен Айыртау ауданы полицейлері бүкіл ақпаратты, бақылау камераларындағы жазбаларды, әрбір автокөлікті мұқият тексеріп шығыпты.
Ақыры соңында қылмыс жасады деген күдікпен Көкшетау қаласының бұрын сотталған үш тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тиісті тергеу жұмыстары жүргізілуде.