АСТАНА, 1 шілде — Sputnik. Алматыда банкті тонады деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлайды Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Сәдубаев.
"Жедел іздеу шаралары барысында қаржы мекемесінің қазіргі және бұрынғы қызметкерлері ұсталды. Банкте қазір жұмыс істеп жүрген азамат ұрлыққа жөн сілтеген", — деді Алмас Сәдубаев.
Тергеу ісі бойынша, белгісіз біреу кілтті алып, банктің сақтау орнына кірген, сөйтіп, тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, 65 миллион 300 мың теңге иемденіп кетіпті.
Ұсталғандардан пневматикалық тапанша, электронды рұқсатнама алынып, ұрланған ақша толығымен қайтарылды.
Айта кетелік, өткен сейсенбіде "Арай" тұрғын үй кешенінде орналасқан "Альфа банк" бөлімшесі тоналған болатын.