АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі террористік ұйымдармен байланысына орай Түркияның жасаған шетелдік азаматтардың "қара тізіміне" қатысты пікір білдірді.
"Біздің мәліметтер бойынша, Түркияның Ішкі істер министрлігі кітап жариялады. Бұл кітапта Түркияның ИГИЛ-мен жүргізіп жатқан күресі бойынша нақты шаралар туралы жазылған. Кітаптың соңында статистика келтірілген, оған сәйкес 2011 мен 2017 жылдар аралығында Түркияда осы террористік ұйымға қатысы бар деген айыппен немесе күдікпен түрлі елдердің, оның ішінде Қазақстанның да азаматтары ұсталған. Яғни, бұл Түркияның ІІМ келтірген 2011-2017 жылдар аралығындағы статистикалық мәліметтер", — деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов БАҚ өкілдеріне.
Оның айтуынша, бұл азаматтардың бір бөлігі экстрадицияланды, кейбіреулері жазасы өтеп жатса, қайсыбірі ақталып шыққан болуы мүмкін.
Айта кетейік, 17 шілдеде Түркияның "қара тізім" жасағаны хабарланды. Оған әлемнің 146 елінен 54 мыңға жуық азамат енген. Оларға лаңкестік ұйымдармен байланысы үшін Түркия аумағына кіруге тыйым салынды.
Түркия Республикасының ішкі істер министрлігінің ДАИШ-пен күрес жөніндегі баяндамасына сүйенсек, "қара тізімге" Қазақстанның 1914 азаматы енген. Сонымен бірге тізімде Сауд Арабиясы, Тунис, Ресей, Марокко, Тәжікстан, Франция, Ирак, Әзербайжан және Бельгия азаматтары бар.
"146 елдің 53 781 азаматына террористермен байланысып, қақтығыс аймағында болуы мүмкін болғандықтан Түркия аумағына кіруге тыйым салынды", — деп айтылған баяндамада.
Түркияның Сыртқы істер министрлігінің түсіндіруінше, тізімге азаматтары лаңкестік ұйымдармен байланысқан және Сириядағы қақтығыс аймақтарына барған мемлекеттер кірген.