АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Ақмола облысында трактор мен "ГАЗель" соқтығысып, салдарынан 3 адам қаза тапты, 9 адам зардап шекті. Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне облыстық ішкі істер департаментінен.
Жол апаты 16 шілде күні таңертең Атбасар-Державинск тас жолының 85-шақырымында Қима елді мекенінен 10 шақырым жерде болды.
"Газель автокөлігінің жүргізушісі, 1967 жылы туған Арқалық қаласының тұрғыны жылдамдықты сақтамай, МТЗ-80 тракторымен соқтығысады. Газель трактордың шөп тиелген тіркемесін соққан. Апат салдарынан 1964 жылы туған әйел мен 1960 және 1951 жылғы екі ер адам қаза тапты", — деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ, 9 адам зардап шеккен, оның ішінде 8 жасар бала бар. "Газелдің" ішінде Арқалық және Қостанай облысы Жангелді ауданының тұрғындары болған.
"Жол апаты фактісі бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", — деді ішкі істер департаментіндегілер.