АСТАНА, 14 шілде — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында ірі сүт-тауарлы фермада болып өңір шаруаларымен әңгімелесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Шығыс Қазақстан облысы экономикамыздың аграрлық секторында ертеден қалыптасқан берік дәстүрге ие. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор, болашақта бұл салаға деген сұраныс арта түседі. Қазір біз үшін Қытай Халық Республикасының орасан зор нарығы ашық, сіздер шығаратын өнім шет елдерге экспорттала алады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар елбасы құрылыстың заманауи талаптарына сай салынған "Нұрлы жол" саябағында болды. Аумағы 5 гектар болатын саябақтың ортасында Қазақстан халқының бірлігіне арналған монумент бой көтерген.
Қазақстан Президенті облыс аумағында жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижелері қойылған археологиялық көрмені аралап көрді.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен танысты.
Соңында Елбасы өңірдегі этномәдени бірлестіктер және жұртшылық өкілдерімен әңгімелесіп, олар Мемлекет басшысына облысқа ұдайы көрсетіп отырған қамқорлығы үшін алғыс айтты.