АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Ақтауда сарбаздың әскерден қашып кетуі туралы №6656 әскери бөлімше өкілдері айтып берді, деп жазады "Лада" жергілікті басылымы.
Взвод командирі Төлеген Басқынов айтып бергендей, 12 шілдеде сарбаздарды емханаға флюрографияға түсуге жібереді. Түсіп болған соң, сапқа тұрғызылған кезде, сарбаздардың бірінің жоқ екені анықталды – ол Қарағанды облысынан шақырылған 21 жастағы жігіт болып шыққан. Кейінірек белгілі болғандай, ол әжетханаға барамын деп сұранып, қайта оралмаған екен. Содан кейін әскерилер аурухананы аралап шығып, бақылау камераларын тексерген.
Камералар көрсеткендей, жас жігіт емханадан кетіп қалыпты.
"Біз бұл туралы бірден басшылыққа хабар беріп, іздеу тобын ұйымдастырдық. Әлі күнге дейін іздеуді жалғастырып жатырмыз", — деді Төлеген Басқынов.
Бөлімшен командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық іс бойынша орынбасары қызметін уақытша орындаушы Марат Иманғалиевтың айтуынша, сарбаз саяжайлардың бірінде тығылып жүрген болса керек, облыстан кетпеген көрінеді.
"Қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз. Іздеу жұмыстарына 80 адам жұмылдырылған", — деп пікір білдірді Марат Иманғалиев.
Бөлімше өкілдерінің мәліметінше, іздеудегі сарбаз жайсаң мінезді, салмақты екен. Взвод командирі сарбаз үйін сағынып қашып кетуі мүмкін дейді.