АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Астана емханаларында жүкті əйелдерге арналған "Жасыл дəліздер" ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің сайты.
"Сапалы əрі уақытылы медициналық көмек көрсету үшін бізде емханаларда "жасыл дəліздер" ұйымдастырылды. Жүкті əйелдер үшін арнайы тіркеу бар. Олар міндетті түрде акушер-гинеколог дәрігерге, терапевтке және өзге де мамандарға жіберіледі. Яғни ауырып жүрген басқа емделушілермен бірге ортақ кезекте тұрмайды, — деп хабарлады медиа орталық тілшісіне елордалық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс акушер-гинекологы Халида Шарипова.
Оның сөзінше, профилактикалық тексеріс жүкті əйелдерде экстрагениталды патологияны дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
"Əйелдер сау баланы дүниеге əкелу үшін, аяғы ауыр кезде кері əсер болмау үшін уақытында аумақтық емханаларға барып тұру керек, алдын ала дайындық жүргізу қажет. Өкінішке қарай, дәрігерге жүкті болған кезде ғана келеді", — дейді дәрігер.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мəліметінше, 2017 жыл басынан бері Астанада 6 мыңнан астам бала дүниеге келген. Орта есеппен тәулігіне елордада бүгінгі уақытта жұмыс істеп тұрған үш перинаталды орталықта 60-65 бала өмірге келеді.
Салыстырар болсақ, 2016 жылы Астанада 27 244 бала туылған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8%-ға көп жəне рекордты көрсеткіш.