АСТАНА, 10 шілде — Sputnik. Алматы полициясы азаматтарды жер алып беремін деп алдап, ақша сұраған ер адамды ұстады, деп хабарлайды қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Алаяқ жер комитетінің жауапты қызметкерімін деп танысып, мемлекет тарапынан жұмыс істейтініне сендірген.
Полицияның берген мәліметінше, жұртты иландыру үшін 1972 жылы туған Амантай Белгібаев азаматтарға жалған құжаттар көрсетіпті. Жер алғысы келетіндерді көшеде жаяу жүргіншілер арасынан тапқан.
"Ол Талғат Орланұлы болып танысыпты. Өзі туралы жалған ақпарат бергені анық. Мемлекеттен 8 сотық жер алуға болады деп адамдарды сендірген алаяқ сол жерде жәрдемдескені үшін 20-30 мың теңге көлемінде қаражат алған", — дейді Наурызбай аудандық ІІБ басшысы, полиция полковнигі Дәурен Өтебаев.
Өкінішке орай, халық арасында аңғал жандар көп болып шықты. Алаяққа 30 адамдай алданған.
Алаяқты таныған жәбірленушілер келесі нөмірлерге хабарласа алады: 254-44-62; 254-44-64 және 8-778-185-57-02.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, Белгібаев қазір қамауға алынған.