АСТАНА, 6 шілде — Sputnik, Әсем Міржекеева. Қазақстанға аты әйігілі сәулет өнерінің шебері Василий Тоскин Қазақстанның елордасы — Астана қаласының қалай салына бастағанын еске алды.
"Жастар" сарайы — кеңес уақытының үлкен құрылыстарының бірі, қойын дәптердегі "құпия" жазбалар, кейіннен зәулім үйлерге арналған аласа ғимарат жобалары. Қиялына ерік беріп қағазға түсірген әр нысан сәулетшінің мәңгі жадында: көбісі елорданың салынуы кезінде ескерілді, ал кейбіріне басты жоспарда орын табылған жоқ.
Василий Тоскин бүкіл өмірін Астана қаласына арнаған жан. 70 жылдардың басында Целиноградқа келген ол, бұл жерді таспа ешқайда кете алған жоқ. Тың игерудің бас қаласын салған жас маман, архитектор XXI ғасырдың әсем астанасын қалыптастыруға үлесін қосатынын білген жоқ еді.
Тың игеру және Хрущев қаласы
"Еңбек жолымды Омбы мен Мәскеуде бастағаныммен, маман ретінде осында қалыптастым", — дейді архитектор.
Алғашқы жоба — Жастар сарайы — Василий Тоскин Целиноградқа оралған кезде тоқтап тұрған еді. 1972 жылы құрылысты жалғастыру шешімі қабылданды. Көп ұзамай Жастар сарайы бүкілодақтық құрылысқа айналып, араға біраз жылдар салған соң КСРО мемлекеттік сыйлығына ұсынылды.
"Бір жолы Мәскеуде Целиноград туралы ерекше бір сипаттамаға көзім түсіп қалды — "мемлекет астанасы ретінде қарастыру". 1964 жылы қызыл қарындашпен жазылған екен. Целиноградтың бас жобасы Никита Хрущевтың кезінде басталған еді. Мұнда өзі де келді. 90 жылдары Мәскеуге барып сол түсініктіме хатты тапқым келді, бірақ оған мүмкіндік болған жоқ. Ол кезде суретке түсіріп алу деген жоқ еді ғой. Енді маған сенесіздер ме, сенбейсіздер ме, өздеріңіз біліңіздер", — деп әңгімелейді архитектор.
Целиноградтан Астанаға дейін
Алақандай қаланың елордаға айналатыны туралы Василий Филиппович Тоскин алғашқылардың бірі болып естіді. Осы мәселе бойынша "жоғары жақтың" нұсқаулары тайға таңба басқандай жазылған қойын дәптерін әлі күнге дейін сақтап жүр.
"Ол кезде облыстың бас архитекторы болатынмын. Лауазымыма байланысты Астана туралы хабарды өзгелерден бұрын естідім. Ешкім бұл жайлы білмеген кезде, осы жобаға араласқан едім. Бір жерде "аса құпия" құжаттар сақтаулы тұр", — уақыт өте сарғайып кеткен қойын дәптер бетінен архитектор күнді көрсетті — 31 мамыр 1993 жыл. Ол астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілетіні туралы бір жыл бұрын білген екен.
"Инженерлік тұрғыда сол жағалауды салу өте қиын болды. Сазды жер, қышқылдығы басым, агрессивтік орта. Бізде бүкіл жерде жер асты суы бар. Бірақ мамандар жер асты суынан қорғайтын инженерлік шешімдер таба білді. Енді ештеңеге қарамастан қала дамып келеді. Бізге мүмкіндік берілді, біз бұл тапсырманы ішін ара орындадық", — дейді архитектор.
Оның пікірінше, Астана — тамаша коммерциялық саяси жоба.
Жеке пікір
- Сіз әуелі Целиноградта тұрдыңыз, кейін Ақмолада. Астананың өз қалаңызға көшірілуі сізге қалай әсер етті?
Құп көрдім.
- Астанада қанша жоба салдыңыз? Өзіңіз салған нысандардың санын атай аласыз ба?
Астана қанша жоба салғанымды санамаппын. Сарайдың жобасымен айналысқан соң, көп ұзамай бас архитектор болдым. Ескі қаланың жобаларының бәрі дерлік менің алдымнан өтетін.
- Архитектор ретінде бәріне сын көзбен қарайтын шығарсыз. Жаңа Астана жайлы пікіріңіз қандай? Кей жерін өзгерткіңіз келмей ме?
Мен бұған басқа қырынан қараймын. Бұл қаланың салынуына өзім қатыстым, енді өз-өзімді сынайын ба? Қала жақсы дамып келеді. Целиноградтың бас жоспары — әлемдегі ең үздік жобалардың бірі. "Әлем қалалары" деген кітапты ашсам, сол жерде бәрі анық жазылған. Бұл бас жоспар толық көлемде орындалған. Бүкіл Одақ болып жұмылып, жүзеге асырылған. Адамдардың жадында мәңгі қалады.
- Өзіңіз салған кей жобалардың бұзылып немесе толығымен жөндеуден өткізіліп жатқанына қалай қарайсыз?
Біз бар нәрсені бағалай білмейміз. Абай көшесіндегі қонақ үй Одақтағы ең үздік болып танылған. Ол мейрамхана неге айналды – елорданың масқарасы болып қалды. Ненің қалай болуы керектігі жайлы нысан иесінің ғана шешкені дұрыс емес. Бір ғана адамның кесірінен қала ғимаратының жағымсыз сипатқа ие болуы өкінішті.
- Елорда тұрғындары Астана көшелері тар деп шағымданып жатады, кеңірек қылып салу керек еді дейді. Сондай мүмкіндік болды ма?
Қала тұрғындары айтып жататын мәселелерге қанықпын. Ескі қаланы да, жаңа қаланы да бағалау керек. Жолдарды кеңейтудің қажеті жоқ. Медицина мен архитектура туралы елдің бәрі білгіш-ақ, бірақ осы екі мамандықты сырттай оқып, диплом алуға мүмкіндік жоқ. Біз кеңістік, көлемдермен айналысамыз. Әрқашан орындаушы бар. Көлік жайлы сөз қозғау үшін, қоғамның әлеуметтік құрылымы туралы айту керек. Көлік мәселесі өз аулаңыздан басталады. Көлік алар кезде, оны қайда қоятынын неге ешкім ойламайды? Көлік проблемасы көшелердің тарлығында емес, қаланың көлік жүйесін ұйымдастыруда, оны жетілдіріп, қала тұрғындарының тиянақты түрде орындауында.
- Астананың даму қарқыны қандай?
Қала жақсы әрі қызықты дамып келеді. Мен бәрінен де отандық құрылысшылар деңгейінің төмендігіне алаңдаймын. Жақсылары да бар, бірақ аз. Өз жобаларым ішінде қалағанымдай шыққаны — Пионерлер үйі. Қалғаны менің қалағанымдай жүзеге асырылған жоқ.
- Ал жас архитекторлар ше?
Жақсы бағалаймын. Мен бір нәрседен аулақпын: компьютермн жұмыс істемеймін, бәрін қолмен сызамын. Әйтеуір, білгенімді үйретіп жүрген командам бар. Компьютерді кезінде меңгермеген едім, ал қазір ерінемін.
- Астана картасында өзіңіз сызған барлық жоба пайда болды ма?
Жоқ, бәрі емес. Бірақ оны ойлап уайымдамаймын. Алда бұдан да керемет жобалар жасайтыныма сенемін.