АСТАНА, 5 шілде – Sputnik. Сириядағы ахуалды реттеу бойынша келіссөздердің алтыншы раунды Астанада тамыздың соңғы аптасында жоғары деңгейде өткізіледі. Бұл туралы Қазақстан елордасындағы бесінші кездесу қорытындысы бойынша қабылданған, кепіл елдер қол қойған меморандумда айтылады.
Меморандумды Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов оқыды. Оның айтуынша, қатысушылар Сирия еліндегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа бастайтын тағы бір маңызды қадам жасады.
"Сирия Араб Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынымызды растаймыз. Сириялық қақтығысты әскери жолмен емес, саяси процесс арқылы шешу мүмкіндігіне тағы да көзіміз жетіп отыр. Қарулы қақтығысты тоқтату режимін нығайтып, тараптар арасында сенім қалыптастыруға өз үлесімізді қосуға бел шеше кіріскенімізді растаймыз. 2017 жылы 4 мамырда қол қойылған деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум бойынша Сириядағы зорлық-зомбылықты азайтуды мақұлдаймыз және тараптарды шабуылды тоқтату режиімін сақтап, барлық бұзушылықты тоқтатуға шақырамыз. Меморандум ережелеріне сәйкес деэскалация бойынша жұмыс тобын құруды мақұлдаймыз", — деп оқыды Қазақстан СІМ басшысы.
"Жұмыс тобының келесі кездесуін Иранда 1-2 тамызда өткізуге шешім қабылданды. Женева процесіне септігін тигізетін Астанадағы кездесулердің маңызына назар аудара отырып, женевалық келіссөздердің келесі раунды 2017 жылы 10 шілде өтетінін растаймыз. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандық билік өкілдеріне Сирия бойынша кездесуді жоғары деңгейде өткізгеніне алғысымызды білдіреміз. Астанадағы Сирия бойынша келесі халықаралық кездесуді 2017 жылғы тамыз айының соңғы аптасында өткізуге шешім қабылданды", — деп қорытындылады министр.
Қауіпсіздік аймақтарын құру туралы қорытынды құжат қабылданған жоқ.