АСТАНА, 5 шілде — Sputnik. Сирияның ұлттық татуласу істері бойынша министрі Али Хайдар елдегі саяси ахуалды реттеу бойынша Астана процесінің тиімділігі Женеваныкінен асып түсетінін атап өтті, деп жазады "Известия" газеті.
"Бірінші алаңқай (Астана) туралы айтар болсақ, мұнда нақты нәтижелерге қол жеткізіліп, саяси процеске септігін тигізді. Ал женевалық формат тиімділігі жағынан оған жетпейді", — деп мәлімдеді министр.
Али Хайдардың сөзіне жүгінсек, Астанадағы келіссөздер о баста шиеленіс деңгейін төмендетіп, әрі қарай Сирияның жекелеген аудандарында зорлық-зомбылықты тоқтатып, ұлттық татуласуға жағдай жасау үшін ұйымдастырылған. Алайда, министр атап өткендей, бұл мақсаттарға қол жеткіздік деп айтуға әлі ерте.