АСТАНА, 5 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы барша жұртты Астана күнімен құттықтап, 19 жыл ішінде еліміздің бас қаласы жоғары қарқынмен дамығанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.
Іс-шараға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, зиялы қауым, іскер топтар мен мәдениет саласының өкілдері қатысты.
"Астана – ғажап қала. Кеше кешке қарай қаланы аралап шықтым. Кешкі мезгілге қарамастан, көшеде қыдырып жүрген көптеген адамды көрдім. Бұл көп нәрсені аңғартады. Адамдардың көңіл-күйі жақсы, өздерін қауіпсіз сезінеді. Сонау ерте заманнан "Қала қабырғасымен емес, адамдарымен көрікті" деген сөз қалған", – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бүгінгі даму ырғағы бүкіл еліміздің жаңаруына серпін беретінін айтты.
"Біз экономикада, саясатта және мәдениетте ауқымды жаңғыруды іске асырып келеміз. Сол жұмыстың нәтижесі елімізді дамытуға арналған. Дамуымыздың басында әрдайым Астана тұрады. Біз мұнда түрлі мәселені, соның ішінде әлемнің әр түкпірінде бейбітшілік орнату мәселесін де шешіп келеміз. Біздің бейбіт, тату көршілік және инвестиция тарту жөніндегі саясатымыз әрбір Қазақстан азаматы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған", – деді Елбасы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізудің маңыздылығын және оның қаламыз бен елімізді одан әрі дамытудағы рөлін атап өтті.
"Қазір Қазақстан "ЭКСПО-2017" көрмесінің арқасында халықаралық қоғамдастықтың назарын өзіне аудартып отыр. Қонақтарымыз Астанаға тамсана қарайды. Біз – ғасырлар тоғысында жаңа мегаполис салған бірден-бір мемлекетпіз. Бүгінде Астана жылына ел бюджетіне триллион теңге құйып келеді. Бұл орайда, барлық кірістің 65 пайызы шағын және орта бизнестен түсіп отыр. Бәріміз бас қаламыздың қалыптасуының куәгері болдық", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы барша қазақстандықтарды елорда күнімен тағы да құттықтап, бақ-береке және жаңа табыстарға жетуге тілектестік білдірді, сондай-ақ Астананы салуға атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.