АСТАНА, 5 шілде – Sputnik. Астана күніне орай Алматыда жаңа жолайрық пайдалануға берілді, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматыда Бөкейханов көшесінің қиылысы мен Солтүстік шеңбер бойында жаңа жолайрық ашылды. Бұрын осы учаскеде тәулігіне 211 мың автокөлік өтетін болса, жаңа нысанның арқасында жолдың өткізу қабілеті 361 мың көлікке артып, 70%-ды құрады. Жаңа жолайрық Дорожник, Шаңырақ, Өжет ықшам аудандарындағы көлік тығыздығын 20%-ға қысқартады.
Әкімдіктің хабарлауынша, жобаның технологиялық жағынан күрделі болуына қарамастан нысан жоспарланған мерзімінен алты ай бұрын берілді. Жолайрығының құрылысы 2015 жылдың соңында басталған еді, оның жалпы құны 8,6 млрд. теңге.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек 10 жыл ішінде қалада 30 жолайрықтың іске қосылғанын, бірақ халықаралық тәжірибеге сәйкес жеке көліктер үшін инфрақұрылым көп жасалса, қаланың көлік трафигі арта түсетінін атап өтті.
"Бүгінгі күні қалада кешенді көлік реформасы жүруде. Кіші көлік айналымының өткізу қабілетін арттыру үшін үш жолайрық салынуда, ал қаланың орталық көшелерінде жаяу жүргіншіге басымдық берілуде. Жеңіл және үлкен рельсті көлік енгізу жобалары жүзеге асырылып, қоғамдық көлік үшін арнайы жолақтар жасалуда, жаңа бағыттар ашылуда, жылжымалы құрам жаңаруда, велобекеттер орнатылуда, жасыл желек көлемі ұлғаюда.Осының барлығы қала экологиясын жақсартып, өмір сүру үшін барынша жайлы ете түседі", — деп әкім жаңа жолайрықтың айналасын көріктендіру жөнінде тапсырма берді.