АСТАНА, 5 шілде — Sputnik. Ақмола облысы тұрғынына жай түсіп, өлім аузынан аман қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі Есіл аудандық ауруханасының дәрігерлеріне сілтеме жасап.
Жазатайым оқиға 3 шілде күні 22.00-де Есіл қаласының шетінде болған.
1961 жылы туған жергілікті тұрғынға жай түсіп, Есіл аудандық ауруханасына жеткізілген.
Ауруханада төтенше оқиғаның мән-жайы туралы айтылды. Ер адам мал бағып, күн көреді екен. Сол күні кешке жаңбыр кезінде атпен келе жатады. Найзағайдың негізгі күші жылқыға түсіп, малшы аман қалған. Аты қаза тапқан.
Науқастың жағдайы бір қалыпты, қатты зардап шекпеген.
"Сирек кездесетін жайт, жолы болған екен. Негізінде жай түскенде адам бірден өліп кетеді", — дейді дәрігерлер.