АСТАНА, 4 шілде — Sputnik. Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Германиядан келген қазақ Өмірхан Алтын Елбасыға Қытай үкіметінің ондағы қазақтарға қысым көрсетіп жатқанын жеткізген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтып, Сыртқы істер министрлігіне мәселенің анық-қанығын анықтауды тапсырды.
"Қаны қазақ деп қайнаған Сізге бір мәселені айтқым келіп отыр. Ата қонысында өмір сүріп жатқан Алтайда, Үрімшіде, Құлжада, жалпы Қытай елінің территориясында өмір сүріп жатқан ағайындарымыз соңғы уақыттарда аса қиын жағдайды басынан кешіп келеді. Қытай үкіметі өзінің негізгі заңына әрі халықаралық заңдарға, халықаралық адам құқықтарына қайшы ағайындарымыздың құқықтарын таптауда. Олар бастарынан қиын-қыстау кезеңді өткізіп жатыр. Ондағы ағайындарымыз шырылдап жатыр ", — деген еді құрылтайда Өмірхан Алтын.
Елбасы бұл жағдайдан хабарсыз екенін айтып, Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді.
"…Ол жердегі Синьцзянда болған неше түрлі жағдай бар. Терроризм де, сепаратизм де бар. Бірақ та қазақтарға жасалып жатыр деген қиянат менің құлағыма келген жоқ. Бар болса, елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы оған біз тиісті көңіл аударатын боламыз", — деген болатын Мемлекет басшысы.
Депутат Нұртай Сабильяновтың айтуынша, ең алдымен мәселенің анық-қанығына жетіп алу керек.
"Ең алдымен, мәселенің анық-қанығына жетіп алауымыз керек. Одан кейін барып, егер ол шындыққа сай келетін болса ғана тиісті мәселені көтеруге болады", — дейді ол.
Оның айтуынша, бұл мемлекетаралық қатынастарды сақтай отырып, халықаралық шарттарға байланысты қарастырылатын мәселе.
"Елбасы Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді. Енді бұл мәселені министрлік қарап, Қытайдың сыртқы істер мимнистрлігіне хабарлап, ол туралы мәлімет алғаннан кейін барып тиісті мәселе қарастырылады деп ойлаймын. Өйткені бұл екі мемлекеттің арасындағы халықаралық мәселелер. Ал бізде халықаралық шарттарға байланысты бір мемлекет екінші мемлекеттің ішкі істеріне араласпайды. Сондықтан халықаралық шарттарға сәйкес, мемлекетіміздің қолданыстағы заңдарына сәйкес мәселені қарастырып, оларға айтып, егер сондай болып жататын болса, сол мемлекет мәселені қарап, жауап береді деп ойлаймын", — дейді ол.
Ал Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалып жатқанын жеткізді.
"Президенттің тапсырмасы орындалады. Белгіленген тәртіппен хабарланатын болады", — деді Sputnik Қазақстан тілшісіне министрліктің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.
Айта кетейік, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қытайдағы қандастарымызға қысым жасалып жатыр деген ақпарат тарады. Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұрып жатқан қазақтарды Қытай үкіметі саяси және құқықтық қысымға алған екен. Оның бір себебі жергілікті қазақ ұлтының кейбір өкілдері діни экстремистік топтарды қолдап, Сириядағы соғысқа аттаныпты-мыс.
Сонымен бірге, бір топ зиялы қауым өкілдері мен қандастарымыз Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда тұратын қазақтардың тарихи отанына келуіне түрлі кедергілер жасалып жатқанын айтқан еді.