АСТАНА, 3 шілде — Sputnik. Ақтөбе облысында ажалды жол апаты орын алды: тас жолда екі көлік соқтығысқан, деп хабарлады Ақтөбе облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Самара-Шымкент тас жолының 789-шы километрінде, Ақжар ауылының маңында, Хромтаудан 55 шақырымдай жерде 1 шілде күні жол апаты болды. 24 жастағы жүргізуші мінген Opel Astra және 60 жастағы ер адам айдаған Volkswagen Passat бетпе-бет соқтығысты.
Жол апаты салдарынан алған жарақатынан Volkswagen жүргізушісі мен Opel жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Opel Astra жүргізушісі мен жеті жолаушы әртүрлі жарақатпен Хромтау қаласы орталық аудандық ауруханасына жеткізілген.
Жол апатының мән-жайы анықталуда. Сот медициналық және көліктік-техникалық сараптамалар тағайындалды.