АСТАНА, 1 шілде — Sputnik, Айымгүл Әбіл. 1 шілдеден бастап медициналық сақтандыру, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері, жалақы, сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсетуде бірқатар өзгеріс болады.
Медициналық сақтандыру
1 шілдеден бастап жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына алғашқы жарна аудара бастайды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жалдамалы жұмысшылар төлем жасайды.
1 шілдеден бастап жұмыс берушілер әрбір қызметкердің табысынан 1%, 2018 жылғы 1 қаңтардан 1,5%, 2020 жылғы 1 қаңтардан 2%, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 3% төлеуі тиіс.
Жеке кәсіпкерлер 1 шілдеден бастап ең төменгі екі жалақы мөлшерінен 5% (2017 жылы ең төменгі жалақы 24 459 теңге), яғни 2 445,9 теңге төлейді.
Жалдамалы қызметкерлер 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап табысының 1%-ын, 2020 жылғы 1 қаңтардан 2%-ын аударуы қажет. 2022 жылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түсетін жұмыс беруші мен қызметкердің жиынтық жарнасы табыстың 5%-ын құрайтын болады.
Зейнетақы мен жәрдемақы өседі
1 шілдеден бастап зейнетақы мен бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы өседі.
2017-2018 жылдары зейнетақы 3 кезеңде арттырылатын болады. Бірінші кезеңде, яғни, 2017 жылғы бірінші қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылар мөлшері тоғыз пайызға, базалық зейнетақы жеті пайызға артты. Ал екінші кезеңде, 2017 жылғы бірінші шілдеден бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері қосымша 11 пайызға, ал базалық зейнетақы мөлшері 13 пайызға өседі.
Нәтижесінде 2017 жылғы бірінші шілдеден бастап зейнетақыны 2016 жылғы зейнетақы мөлшерімен салыстырғанда 20 пайызға арттыру қамтамасыз етілмек. Яғни, ең төменгі зейнетақы 45 711 теңге, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін арттырылатын болады. Бұл өсім барлық екі миллионнан астам зейнеткерлерді қамтиды.
Сонымен қатар, 2017 жылғы бірінші шілдеден бастап зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшерін 41 айлық есептік көрсеткіштен 46 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделген.
Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы бірінші шілдеден бастап жүргізілетін болады. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты.
Бұдан бөлек, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшерін 20%-ға өсіру көзделген.
Жалпы, зейнетақы мен аталған жәрдемақыны өсіруге республикалық бюджеттен 81,6 млрд теңге қарастырылған.
Әскери қызметшілер мен полицейлердің жалақысы өседі
2017 жылдың 1 шілдесінен бастап полицейлердің жалақысы 25%-ға өседі. Осындай шешім қабылдағанын Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ішкі істер органдарының құрылғанына 25 жыл толуына орай полиция қызметкерлерімен өткен кездесуде айтты.
"Жұрт сіздерге қарап, мемлекеттік билік туралы пікір қалыптастырады. Сол себепті, полиция қызметкері баршаға үлгі болуға тиіс. Қазақстан полицейлері алдағы уақытта да бар күшін, тәжірибесі мен қуатын абыройлы парызды сәтті орындауға жұмсайтынына сенімдімін", – деген болатын Президент.
Сонымен бірге, елімізде әскери қызметшілердің жалақысы да 1 шілдеден бастап 25 пайызға артады. Бұл туралы Елбасы Отан қорғаушылар күніне орай әскери қызметкерлерді мемлекеттік наградамен марапаттап, шен табыстау кезінде мәлімдеді.
"Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының және Қарулы Күштердің 25 жылдығының құрметіне орай мен Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Ұлттық гвардияның және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын бірінші шілдеден бастап 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдадым, — деген еді Мемлекет басшысы.
Халық саны өсті
Президент Нұрсұлтан Назарбаев халық саны 1 шілдеде 18 миллионға жететінін мәлімдеген еді.
"Қазір жағдайдың жақсаруына байланысты халық саны артып келеді. Егер бастапқы кезде 200 мыңнан астам бала дүниеге келетін болса, қазір жыл сайын 400 мыңнан артық сәби дүние есігін ашады. Біздің халқымыз 1 шілдеде 18 миллион болды деп жариялаймын", — деді жақында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Елбасы.
Тіркелмеген телефондарды бұғаттау
Қазақстанда қабылданған экстремизм мен терроризмге қарсы күрес заңына сәйкес елде IMEI кодтарының бірыңғай деректер базасын құру қарастырылған.
Бұл база ұялы телефондардың иелері туралы ақпаратты тәртіпке келтіруді және оларды қылмыс кезінде пайдалануға кедергі жасауды көздейді.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың мәлімдеуінше, жүйенің іске қосылуы телефон ұрлығының санын азайтуы тиіс. Зардап шеккен адам полицияға барғаннан кейін ұрланған телефон бұғатталады. Осылайша, телефон ұрлаудың ешқандай мәні болмай қалады, деп айтқан еді ол.
Өзгерістерге сәйкес, ұялы байланыс операторлары 1 шілдеден бастап IMEI-коды базасында тіркелмеген телефондарды бұғаттауға міндетті. Абоненттік құрылғылардың IMEI-кодтарын тіркеу телефолн ұялы байланыс операторының желісіне қосылған кезде операторлардың деректер базасында автоматты түрде жүргізілетін болады.
Электронды үкіметтегі жаңашылдықтар
1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметтер көрсету жеңілдетілмек. Енді электронды үкімет порталында 20 мемлекеттік қызметті электрондық цифрлық қолтаңбасыз алуға болады. Бір реттік пароль арқылы 20 қызметтің 15-і қолжетімді, қалған бес қызмет үшін тек порталда авторизациядан өту керек.
Бір реттік пароль арқылы мүлік туралы, жеке тұлғалардың жылжымайтын мүлік үшін тіркелген немесе тоқтатылған құқықтары жөнінде анықтама, жылжитын мүлікке кепілді тіркеу тізілімінен көшірме алу, жылжымайтын мүлік нысанының техникалық паспортын алу, азаматтық ахуал актісін тіркеу немесе екінші қайтара куәлік алу мүмкіндігі бар.
Бір реттік пароль – сұраудан кейін телефонға жіберілетін sms-хабарлама. Телефонға келетін тексеру кодынан кейін оны eGov.kz сайтына енгізу керек.
eGov.kz сайтындағы авторизация арқылы қазақстандықтар үйіне дәрігер шақыра алады, дәрігерге қабылдауға жазылады, медициналық ұйымға электрондық цифрлық қолтаңбасыз тіркеледі.
Сонымен бірге әскери қызметте болғаны жөнінде анықтама, жеңілдіктер қарастырылған соғыс ардагерлері, Чернобыль апаты зардабын жоюшылардың анықтамасы қолжетімді болмақ.