АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Атыраудағы "Таблиги Джамаат" тыйым салынған экстремистік ұйымы ұяшығының мүшелері екі жылдан үш жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды, деп хабарлады Атырау қаласы №2 сотының баспасөз қызметі бейсенбі күні.
"Процес барысында анықталғандай, сотталушылардың барлығы Үндістан, Пәкістан, Бангладеште орналасқан "Таблиги Джамаат" халықаралық экстремистік ұйымының оқу орталықтарында білім алған. Оқуын бітірген соң, сотталушылар тыйым салынған ұйымның идеяларын әуелі Алматыда, кейін 2016 жылдың соңында – Маңғыстау және Атырау облыстарында тарата бастаған", — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Ұсталған кезде олардың қолынан орыс және қырғыз тілінде жазылған тыйым салынған діни кітаптар алынған.
Сотта сотталушылар айыптарын жартылай мойындады, "қамауға алу" бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ. Сотталушылардың бәрі жұмыссыз, отбасы мен бала-шағалары бар.
"Сот үкімімен ұйымның ең белсенді мүшесі үш жылға бас бостандығынан айырылды, ал қалған бесеуі екі жылға сотталды. Сонымен қатар, олардың Қазақстан аумағында рұқсат етілген дінді уағыздау қызметімен айналысуына 2 жылдан үш жылға дейін тыйым салынды", — делінген хабарламада.