АСТАНА, 28 маусым — Sputnik. Павлодар облысы Шербақты ауданы Маралды тұзды көлінің аумағында болған оқиғаға қатысты ҚР ҚК 293-бабы бойынша сот алды тергеу ісі басталды, деп хабарлады Павлодар облысы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметі.
Полиция ведомствосының ақпаратына сүйенсек, оқиғаға қатысушылар мен куәгерлер анықталып, олардан жауап алынған.
Тергеу ісі анықтағандай, 26 маусым күні сағат 22:00-де тоғыз жергілікті тұрғын Шербақты ауданындағы "Маралды" демалыс орнының күзетілетін аумағына кірмек болған.
Демалыс орны қызметкерлері жұмыс кестесінің 22:00-ге дейін екенін айтып, оларды көлге жібермей қойыпты. Алайда ішіп алған тұрғындар қызметкерлерді балағаттап, қысым көрсете бастайды. Олар көл мен жердің жергілікті тұрғындарға тиесілі екенін айтып, қалаған уақытта демалуға келетіндерін мәлімдеген.
Қақтығыстың арты жаппай төбелеске ұласады. Салдарынан бес адамға медициналық жәрдем қажет болған. Оларға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.
"Бұл оқиға қатысқандардың тарапынан арыз-шағым түскен жоқ. Тергеу ісі жалғасуда", — делінген полиция ведомствосының баспасөз хабарламасында.