АСТАНА, 21 маусым — Sputnik. Мәжіліс депутаты Смағұл Бақытбектің пікірінше, жарнама тек кәсіп көзі ғана болмауы тиіс, сондай-ақ оның рухани-мәдени құндылығын да естен шығармау керек. Бұл ойын депутат жарнама мәселелері бойынша заң жобасын талқылау барысында айтты.
"Ұлттық құндылық, мемлекеттік мүддені ұмытпау керек. Жарнаманы тек бизнес көзіне ғана айналдырмай, рухани жаңғыру жағы ескерілуі керек сияқты. Қазір біз айтып отырған әуежайдың (Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді – авт. ескертпесі) өзінде "өзіңнен әрі, өзіңе қарай" деген сөздер жазылған. Ол ешқандай мағына бермейді. "Итеріп аш, тартып аш" деген дұрыс. Сол сөздің өзіне мән бермейміз", — деп кейіді депутат.
Оның айтуынша, бұл мәселеде жергілікті әкімдіктердің рөлін күшейту керек.
"Шын мәнінде, бұл жерде жергілікті әкімшіліктердің рөлі ерекше болуы керек сияқты. Ақпарат, мәдениет, экономика министрліктерінде жауап бермей отырғаны содан деп ойлаймын. Кезінде "Просто Мария" деген кино болып еді. Біреуді жақсы көреді, басқа біреуден барып бала туып алады, сосын басқа біреуге барып тиіп алады. Сол сияқты бұл жерде керекті дүниелер болу керек. Қай уақытта санамыз жаңғырады? Жарнамалар кәсіптің, бизнестің ғана құралы болмай, керісінше мәдениетіміздің негізі болып, адамға тәрбие беретіндей болғаны жөн", — дейді Смағұл Бақытбек.
Бұл заң жобасын депутаттарға Ұлттық экономика министрі таныстырған болатын. Тимур Сүлейменов депутат көтерген мәселе құжатта ескерілгенін жеткізді.
"Бүгінде қоғамдық сананы қалыптастырудағы әлеуметтік жарнаманың рөлі ерекше. Әлеуметтік жарнама нарығының дамуы жеткіліксіз. Әдеттегідей, әлеуметтік жарнаманың көбі теле-, радиоарналар арқылы таратылады. Сондықтан әлеуметтік жарнаманың күнделікті көлемін белгілеу ұсынылады. Осылайша, әлеуметтік жарнама 15 міндетті теле, радиоарналарда таратылады", — деді Сүлейменов.
Заң жобасына сәйкес, әлеуметтік жарнаманың күнделікті көлемі сағат 6:00-ден бастап 24:00-ге дейінгі кезеңде эфирде кемінде 10 шығарылымды құрайды. Бұл ретте прайм-тайм уақытында міндетті түрде 2 рет көрсетіледі.
Әлеуметтік жарнама 15 міндетті теле-, радиоарнада тегін көрсетілетін болады.