АСТАНА, 21 маусым — Sputnik. Жарнама саласында заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленіп отыр, деп хабарлады ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жарнама саласында заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленгенін атап өтті.
"Жарнама туралы" заңда бүгінде жарнама саласында бірқатар шектеулер мен тыйымдар салынған. Атап айтқанда 15 тыйым бар. Мысалы, электрондық казиноны және интернет-казиноны жарнамалауға, қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға, жөнсіз жарнамаға, ұлттық аза тұту күндерiнде теле, радиоарналарында жарнамаға тыйым салынады. Бірақ аталған шектеулер әкімшілік жауапкершіліктің болмауына не уәкілетті органдарда әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша практиканың болмауына байланысты іс жүзінде сақталмайды", — деді Сүлейменов.
Осыған байланысты, жарнама саласындағы әкімшілік жауапкершілік түрлері нақтыланған. Сонымен бірге, бірқатар жауапкершілік түрлері алғаш рет енгізіліп отыр.
"Экономиканы долларсыздандыру бойынша жүргізіліп отырған саясатты ескере отырып, Қазақстан Республикасының аумағында тауарды сатқан кезде оның бағасын ұлттық валютада көрсетпегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Жосықсыз, жөнсіз, әдепсіз, көрiнеу жалған жарнама үшін, сонымен қатар ұлттық аза тұту күндерiнде теле-, радиоарналарында жарнамаға әкімшілік жауапкершілік белгіленді", — деп баяндады министр.
Бұдан бөлек, алкоголь және темекі өнімдерінің жасырын жарнамасын болдырмау үшін алкоголь өніміне, темекі және темекі бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әртүрлі іс-шаралар, оның ішінде ұтыстар, лотереялар ойнату нысанындағы жарнама үшін де жауапкершілік енгізілді.
"Сонымен бірге, кәсіпкерлерге қаржылық жүктеменің ұлғаюын болдырмау мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде белгіленген санкциялар мөлшері қайта қаралған жоқ", — деді Сүлейменов.