АСТАНА, 20 маусым — Sputnik. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу кезінде Астана қонақ үйлері бағаны 20-30%-ға өсірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алматыда қонақ үй бизнесі мамандары нарықтың даму үрдісін талқылау үшін жиналды. Форум барысында Қазақстан қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова қазақстандық қонақ үйлер бағасына қатысты пікір білдірді.
"Біздің қонақ үйлердің бағасы тым қымбат деп айту әділдікке жатпайды, әрине, Астанада сұраныстың артыуна байланысты баға 20-30%-ға көтерілді. Бұл да заңдылық, бизнес деген осы. Әлемдегі барлық айтулы оқиғалардың тарихын қарап шығыңыз, сол кезде қызмет көрсету бағасының күрт артатындығын бірден байқайсыз", — деді Рашида Шайкенова.
Ол атап өткендей, теңге девальвациясының екі толқыны қонақ үй бизнесіне зор ықпалын тигізді.
"Біз өзіміз үшін де, әлем үшін де арзан болып қалғанымызды байқадық", — дейді ол.
Қонақ үй бизнесі саласындағы маман Мария Знованың сөзіне жүгінсек, Алматыда негізінен бағасы жоғары қонақ үйлер орналасқан, сол да дисбалансқа әкеп соғады. Қалада орташа баға санатындағы қонақ үйлер жетіспейді.