АСТАНА, 20 маусым — Sputnik. Ақтауда түнде қойма тұтанып, желдің салдарынан өрт тағы екі ғимаратты шарпыды, деп жазады "Лада" жергілікті басылымы.
Қоймалардағы өрт түнгі сағат үш кезінде шыққан, Ақтау өрт сөндіру кезекші станциясының пультіне қоңырау 03.03-те келіп түскен.
Оқиға орнына төрт өрт сөндіру жасағы аттанды. Хабар бойынша, өрт №2 қоймада шыққан, кейін №1 және №3 қоймаларды шарпыпты.
Төтенше жағдай орнына көрші ғимараттардың иелері келіп жеткен, бірақ жанып жатқан қойманың иесі болмағандықтан, №2 қойманы ашуға жарты сағаттай уақыт кетіпті.
Өртті сөндіру кезінде екі шағын аудан арасындағы автожол жабылды. Куәгерлердің айтуынша, құтқарушылар бірнеше рет су толтытруға кеткен.
Өрт 04.30-да сөндірілді. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.