АСТАНА, 19 маусым — Sputnik. Ресей Жезқазған түбінде зымыран-тасығышының бөлшегі құлағаннан кейін шыққан өрт үшін Қазақстанға қосымша өтемақы төлемейді, деп хабарлады ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
"Зымыран-тасығыштың бөлшегі осындай құлауға арналған ауданға түсті. Мұндай жағдай 2-3 жылда бір рет болып тұрады. Зымыран бөлшегі шөлейтті жерге құлады, шөп қурап қалған, күн ыстық, содан өрт шықты. Бұл аумақ осындай жағдайларға арнайы белгіленген", — деді министр БАҚ өкілдеріне.
Атамқұловтың айтуынша, төтенше жағдайдың зардабын жою бойынша барлық жұмыстың шығыны ресейлік тараптың мойнында, олар толық бәрін өздері істейді. Мұның барлығы «Байқоңыр» кешенін жалға беру келісімінде қарастырылған.
"Ол жерде тек қана шөп өртенді. Мұның бәрі жалдау құнының жалпы сомасында ескерілген", — деп жауап берді министр Қазақстанға қосымша өтемақы төлене ме деген сұраққа.
Бұдан бөлек, министр Роскосмостың өрттен зардап шеккен адамға көмек көрсету мәселесін қарастырып жатқанын айтты.
"Көмек сомасы қарастырылып жатыр. Нақты айта алмаймын. Бұл Ресейдің бюджеті ғой. Зардап шеккен адамға көмекті толықтай Ресей тарапы көрсетеді. Өйткені ол ресейлік кәсіпорынның қызметкері", — деді ол.
Айта кетейік, 14 маусымда "Байқоңырдан" ұшырылған "Союз-2.1а" зымыран-тасығышының бөлшегі Жезқазғаннан елу шақырымдай жерде құлап, қураған шөп өртеніп, өрт шыққан еді.
Өртті сөндіру кезінде "КамАЗ" жүргізушісі қаза тауып, ал зымыран-тасығышының бөлшектерін жинап жүрген екінші жұмысшы ауруханаға жеткізілді.