АСТАНА, 15 маусым — Sputnik. Зымыран бөлшегінің Жезқазған түбіне құлауы салдарынан шыққан өртте ер адам күйік алып, ажал құшты. Ғарыш қызметі бойынша мемлекеттік корпорация "Роскосмос" болған оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
"14 маусымда көліктік жүк кемесімен бірге "Союз 2-1а" зымыраны сәтті түрде ұшырылған соң, бағдарлама бойынша бүйірдегі блоктар Жезқазғаннан батысқа қарай 50 шақырымдай жерге құлады. Жердегі іздеу топтары Қазақстан Республикасы ТЖМ-мен бірігіп жұмысқа кірісті", — деп хабарлады мемлекеттік корпорация.
Ауа райы қолайсыздығынан (+34°C, ұйытқыған жел) бүйір блоктар құлаған аумақтағы жапан далада өрт шыққан.
Роскосмос хабарлауынша, өртті сөндіру кезінде "КамАЗ" автокөлігінің жүргізушісі, "НПО машиностроения" АҚ қызметкері қаза тапқан. Қатты жел соғуы салдарынан жалын жүк көлігін шарпыған болса керек.
Роскосмос қайтыс болған азаматтың туған туыстарына көңіл айтады.
Өрт салдарынан тағы бір жұмысшы зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған.