АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева қазақстандық министрлер мен әкімдер күндердің күнінде қымбат көліктерін велосипедке ауыстырады деп үміттенеді.
Еспаева бүгін Мәжіліс отырысында велосипедпен жүру қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, велосипедке деген қызығушылық артуына байланысты соңғы уақытта велосипедшілердің қатысуымен жол апаты жиілеп кеткен. 2014 жылдан бері 1,2 мың жол апаты болған. Депутаттың пікірінше, көп жағдайда инфрақұрылымның болмауы мен велосипедке қатысты жол қозғалысының заңнамалық тұрғыда дұрыс реттелмеуінен велосипедшілер зардап шегеді.
"Жол қозғалысы туралы" заңға сәйкес мемлекеттік органдар мен жол иелері көліктің барлық түрі үшін қауіпсіз жол инфрақұрылымын қамтамасыз етуге міндетті. Оның ішінде жолдар мен көшелерде велосипед жолдары немесе жолақтары болуы керек. Осыған қарамастан бүгінгі күні велосипед жолдары жоқ", — дейді Еспаева.
Депутат велосипед көлігі қарқынды дамып отырған Германия, Нидерланды мен Данияны мысалға келтірді.
"Біздің елімізде де велосипедтің танымалдылығы жылдам артып келеді. Біздің әкімдер мен министрлеріміз де күнделікті жұмысқа қымбат көлікпен емес, велосипедпен келетін күн туады деген үміттеміз", — деді ол.
Оның айтуынша, велосипед сондай-ақ саламатты өмір салтын насихаттаудың тамаша амалы. Бірақ велосипед спортын жаппай дамыту үшін тиісті инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол қозғалысы ережелеріне қажетті нормалар енгізу қажет.