АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. Алматы қаласы Наурызбай ауданында "Алматы планетарийі" кешені салынбақ, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Республикада бұрын-соңды болмаған, айрықша "Алматы планетарийі" кешенін салу жоспарда бар, ол Наурызбай ауданы Абай даңғылында орналасады", — деді Наурызбай ауданы әкімі Сайран Сайфеденов Nauryzbai invest forum аясында.
DSG компаниясының жобалар бойынша директоры Евгений Момот атап өткендей, нысанның жалпы ауданы 76 мың шаршы метрді құрайды. Оны салу идеясы екі жыл бұрын пайда болған. Жобаның құны 16,5 миллиард теңге.
Планетарий жобасына сәйкес, проектормен жабдықталған көрсету залы болады, кинозалда бейнематериалдар көруге жағдай жасалады. Сонымен бірге планетарий ғимаратында Moon Track аттракционы, ғарышты меңгеру музейі, кафе, ғарыш кәдесыйларын сататын дүкен орналасады.