АСТАНА, 14 маусым — Sputnik. Бүгін Мәжілісте "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Өздеріңізге мәлім болғандай, Қырғыз Республикасы Еуразиялық экономикалық одаққа қосылды. Одақтың кедендік шекарасы сыртқы контурға, яғни қырғыз-қытай, қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек шекараларға ауысты. Бұл ретте, қырғыз шекарасының инфрақұрылымы сапалы жарақтандыру мен жаңғыртуды қажет етеді.Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Одақтың сыртқы шекарасын бақылау мақсатында мемлекет басшылары деңгейінде Қырғызстанға көмек көрсету туралы шешім қабылданды", — деп баяндады ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, бұл көмек Қырғызстанның Одаққа қосылуы жөніндегі "жол карталарында" көзделген іс-шараларды іске асыруға бағытталады.
Қазақстан мен Қырғыз елі үкіметтері арасындағы көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттамаға 2016 жылы 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте қол қойылған.
Аталған хаттама Қазақстан үкіметі мен Қырғыз үкіметі арасындағы еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді іске асыру мақсатында әзірленген.
Келісімнің бірінші бабына сәйкес, Қырғыз елінің Еуразиялық экономикалық одаққа интеграциясы процесіне жәрдемдесу мақсатында Қазақстан 100 млн АҚШ долларға көмек көрсетеді.
"Тәртіпке сәйкес, біріншіден, көмек бірнеше транштармен беріледі. Әр кезде жеке техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға қол қойылады және ратификацияланады. Екіншіден, іс-шаралар тізбесіне Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы бойынша "жол картасының" іс-шаралары ғана кіреді. Үшіншіден, көмек ақшалай қаражат, жабдықтар, тауарлар мен қызметтер, оқыту формалары арқылы көрсетілуі мүмкін. Төртіншіден, Қырғыз тарапы көмекті пайдаланғаны және ұсынылған құжаттардың дұрыстығына жауапты. Сонымен қатар, транштардың жүзеге асырылу қорытындысы бойынша оны пайдалануды бақылау қамтамасыз етіледі", — деді министр.
Сұлтанов атап өткендей, іс-шараларды жүзеге асыру қорытындысы бойынша тараптар көмекті пайдалану бойынша бірлескен ревизиялық бақылауды қамтамасыз етеді. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, одан әрі қаржыландыру туралы мәселе Қазақстан – Қырғыз үкіметаралық кеңесіне шығарылады.