АСТАНА, 5 маусым — Sputnik. Джеки Чан Астанада 7 —18 маусым аралығында өтетін қытай киносы фестивалін ашады, деп хабарлады "Қазақстан" РТРК басшысы Ерлан Қарин фейсбуктегі жеке парақшасында.
"7 маусымда Қазмедиаорталықтағы киноконцерттік залда қытай киносы фестивалінің салтанатты ашылуы өтеді. Шараның ұйымдастырушылары – "Қазақстан" телерадиокомпаниясы мен ҚХР ақпарат, баспа және кино мемлекеттік комитеті. Қытай киносы фестивалі Ақпарат және коммуникациялар және Мәдениет және спорт министрліктерінің қолдауымен өтеді", — деп жазады Ерлан Қарин.
Шараның арнайы қонағы – әлемдік кинематографияның жұлдызы, қытайлық актер, кинорежиссер, кинопродюсер Джеки Чан. Фестивальдің ашылуында ол "Кунг-фу йога" фильмін ұсынбақ.
"Сонымен қатар, бұл шараға CCTV и Hunan TV телеарналарының өкілдері келеді. «Қазтелефильм" мен "China film group" киносүйер қауымға соңғы жылдардағы үздік қытай фильмдерін ұсынады. Барлығы фестиваль бағдарламасы бойынша 7 —18 маусым аралығында 6 фильм көрсету жоспарланған", — дейді ол.
Бұған дейін танымал актер Джеки Чан ЭКСПО аясында өтетін қытай фильмдерінің фестиваліне келеді деп хабарланған болатын.